• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2018

Әр қазаққа қажет ұстаным

608 рет
көрсетілді

Қазіргі өмір барысына ой жіберіп қараған кезде ақыл-ойымыздың тереңдігіне малданып, сезімтал аңғарғыштығымызды артықшылыққа балайтын жөніміз бар ма? Аға ұрпақ санатына қосылған ендігінің ақсақалы біздер қазақ сөзіне әкелген жаңалығымыз, яғни бейнелі тіркес­теріміз кәне дегенге кесімді жауап беру қиын-ау. Ұлғайыңқы тартқан осынау шағымызда қазақ қарияларының сөз саптау мәдениетін жиі-жиі еске алып, жадыда жаңғыртуға тырысатын дертке шалдықтық. 

Ауызша әңгіме айтудың желісін тартымды жалғайтын олардың шеберлігі құдды көркемдік заңдылыққа бағынатындай көрінетін. Кіріспесін бастамастан бұрын әдейі аял жасайтын сәттері тыңдаушыны елткізіп қана қоймай, бет-пішіндерінің құбылуларында жортақылық атымен жоқ еді. Түйіле шүйіліп қадалған мезетте қартаң жүзіне ұялаған айбын сейілмеген күйі іркіліс тапқанда – басқа райға ауысуын тағатсыздандыра күттіретін үстемдігін сездіретін. Осылай өзіне біржола қаратып алған соң оқиғаның шешімін алдын ала болжатып үлгіртпестен шымырлата баяндай жөнелетін. Біз осыны көрдік, жүрегіміз елжіреп, көңіліміз босаса да, күні өтіп бара жатқан оны ескілікті дәстүр санағанымыз, әрине, өкінішті-ақ. 

Аталарымыз бен әжелеріміздің ауызша әңгімесінің тартымдылығы – толық ашылып бітпеген ғылым. Композитор Еркеғали Рахмадиевтің өткен-кеткенді еске алып, әңгімелегендегі шеберлігі қазақ қарияларының ұстанымын еске салатын. Мәскеу көріп, шетел асса да, ұлттық реңкке ештеңе араластырмастан оқиғаны шып-шырғасын шығармай жұп-жұмыр баяндау жөнінен білікті деген әлгі әдебиетшіден бір кем соқпайтындай көрінетін. Ол қатарда бір ғана Еркеғали Рахмадиев дейсіз бе, мұндай нарқасқалар қазақта жетерлік еді. Олардың қадірін біліп, қасиетін айыратын талғам-танымға қазір қазақша жалпақ тілмен айтқанда, бір қара көрінейін дегеннен сау емес. Жастау кезімізде «Лениншіл жас» газетінде Бағдат Жандосай деген суреттерді әрлеуші кісі жұмыс істеді. Талай жайсаңдардың көзін көріп, дәмдес болған жарықтықтың естеліктерінің өрнектері де өзгеше еді. Сөздердің айтылуын қайталатып, әлегіңді шығара берген соң одан қашқақтап, қасына жуымайтынбыз. Қазақша дыбыс қату үстінде дауыс созылымының нәзік мезеттері орысшаланып бара жатқанын сездіруінің өзі ұға білген кісіге үлкендік екен ғой. Қазақ тілінің бүкіл шаруасы журналист-жазушы, филологтардың мойнында да, қалғандардың онда мүлде қатысы жоқтай құлық қазақ жанын жайлап алған тәрізді. Жаңағыдай қариялар мәңгі жасайтындай көрініп, уақыт кең болғанда әңгімелесерміз деп бәрін ертеңге шегере бергеннің ақырының тірі куәгеріне айналып үлгергендегі жағдайымыз мынау. Қазақ радиосына қартаң тартқан тіл маманы арнайы келіп, қазақ тілі фонетикасын дұрыстаудың мәнақасы туралы әңгіме өткізетін. Оған да жеткілікті мән беріп, ой қорытқанымыздың нақты нәтижесін көре алмай зар күйге түсесің.

«Адам өлшеулі, Алла шексіз» деген ұлы ойшылымыздың анықтамасының дәлдігін кезінде қаншалықты ескергенімізді кім білсін, қазір қазақ тілінің дария мұхитының айдынына жақындау түгілі жағасында малтып, әрі қарай баруға жүрексінетінімізді несіне жасырамыз. «Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім, қызығыңды еркін көріп келемін, сен де аямай бердің маған барыңды, мен де аямай барымды саған беремін» деп кезінде асқақ тербеген Қасым ақынның өлшемі әрқайсымыздың жүрегімізден берік орын алуы тиістігін тап осы жасыңда сезіну кештік етпейтін шығар деп өзіңді жұбатып қойғаннан басқа амалыңның жоқтығын мойындамасқа шараң қайсы. Қаршыға бітімді ақынның «мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім» деуге қақылы екенін жете сезіну үшін ең әуелі өзіңнің ниетің тұп-тура сондай таза болу керектігіне ой әділеттілігіне жүгінгенде барып көзің жете түсетіндей. Мың-сан мәрте мысалға алынған бұл жолдардың төтен мінезділігін былай қойғанда – ағынан жарылудың жан аямас шынайылығының қуаты көзіңе жас үйіретіндей. Ендігінің кінәлауға толы ишаралардың біріне де ұрынбаған осындай кесек ірілік керек десеңіз біздің басты идеологиямызға айналуы керек. Қазіргі атышулы қайраткеріміздің бірі көзі тірі зиялы қауымды былай қойып, үлкенді-кішілі аруақтарға өші кеткендей ұрынуы ақылға сыйымсыз. Елі үшін, тілі үшін құрбандыққа бару жолында өзгелерді кінәлай берудің жарасымы күн өткен са­йын азайып барады. «Мен де аямай барымды саған беремін» деген Қасым ұстанымы сондықтан әрбір қазаққа ауадай қажет-ау. 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»